FREEDOM QJ LEAGUE: 5-ТУР ҚОРЫТЫНДЫСЫ
16 мамыр күні Freedom QJ League аясында 5-тур ойындары өтті. «Тараз» футбол клубының жасөспірімдер командалары «Ақтөбе» жастарына қарсы төрт матч өткізді. Тур аясында екі ойын өз алаңымызда, екі кездесу сырт алаңда өтті. Нәтижесінде командалар өз алаңындағы матчтарда жеңіске жетті
ҮЙДЕГІ ОЙЫНДАР
U-17 жас санатындағы матч өте тартысты өтті. Екі команда да жеңіске жетуді көздеп, шабуылға басымдық берді. Бірінші таймда Владимир Федотовтың дәл пасынан кейін Бекнұр Талғатов есеп ашты. Екінші таймда қонақтар таразы басын теңестірді. Дегенмен, 78-минутта Шыңғыс Қайраттың бұрыштамадан асырған добын Ибраһим Ергеш сәтті пайдаланып, командаға жеңіс сыйлады — 2:1.
U-18 командамыз да жанкүйерлерді қуантты. Кездесудің басында қонақтар алға шыққанымен, тараздықтар жылдам ес жия білді. Расул Нұрманбай бірінші таймда пенальтиден есепті теңестірсе, екінші таймда жеңіс добын соғып, матч қаһарманына айналды — 2:1.
СЫРТ АЛАҢДАҒЫ МАТЧТАР
Ақтөбе қаласында өткен матчтар біздің командалар үшін сәтсіз аяқталды. U-15 командамыз 4:2 есебімен жеңілсе, U-16 санатындағы жастарымыз 2:0 есебімен ұтылды.
КЕЛЕСІ ТУР
Келесі турда «Тараз» командалары «Тобыл» ұжымына қарсы ойнайды. 23-24 мамыр күндері өтетін кездесулерде U-15 және U-16 командаларымыз өз алаңысызда өнер көрсетсе, аға буын командалары сырт алаңда бақ сынайды.
Жасөспірімдер лигасының марапаттау салтанаты өтті
1 қараша күні Алматы қаласында Freedom QJ League – Жасөспірімдер лигасының марапаттау салтанаты өтті. Әр номинациялар бойынша оқ бойы озып шыққандарға сыйлықтарды футбол ардагерлері мен спорт саласының жұлдыздары табыстады.
Бұл кештен біздің жігіттер құрқол қайтпады. U18 командамыздың капитаны, маусым барысында ерекше көзге түскен Нұрдәулет Орынбасар Эдуард Сон атымен аталған «Маусымның үздік шабуылшысы» номинациясында жеңіске жетті.
Бұдан өзге, Нұрдәулетпен қатар, U18 санатында өнер көрсететін тағы бір футболшымыз – Азизжон Бердиев маусымның үздіктер қатарына еніп, символикалық құрамадан орын тапты. Жігіттерді мараппаттарымен құттықтаймыз!
![]()
Freedom QJ League – Жасөспірімдер лигасында өнер көрсететін жастарымыз маусымды аяқтады
Фархад Мирсалимбаев баптайтын «Тараз»-U17 соңғы 22-турда өз алаңымызда «Шахтер»-U17 командасын қабылдап, 1:2 есебімен жол берді. Біздің ұжым сапынан Тілеуқабыл Қанатбек гол авторы атанды. Бұл жеңілістің салдарынан жігіттеріміз чемпионатты 8-ші сатыда аяқтады.
Ал, «Тараз»-U18 драмаға толы матчта «Шахтер»-U18 командасын 2:1 есебімен ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді. Аталмыш кездесуде жерлестерімізге үшінші сатыға тұрақтау үшін тең нәтиже де жеткілікті еді.
Алма-кезек шабуылдармен өрбіген кездесудің бірінші жартысы аяқталар тұста командамыздың капитаны әрі лидері Нұрдәулет Орынбасар ауыр жарақат алып, орнын өзге ойыншыға босатуға мәжбүр болды. Екінші тайм қарағандылықтардың шабуылымен басталды және ол өз нәтижесін берді: 57-минутта қонақтар есеп ашты. Дегенмен, жасымаған Асқар Кушикбаев шәкірттері 65-минутта Дәулет Мүсретбектің нәтижелі соққысының арқасында есепті теңестірсе, одан кейін, қосымша уақытта Давид Дерцап матчтың біржола нүктесін қойды. Соның нәтижесінде, Freedom QJ League тарихында тұңғыш рет клубымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді.
![]()
Соңғы 3 матчта 9 ұпай
U18 санатында өнер көрсететін жерлестеріміз жүлделі орынға ұмтылып келе жатыр.
Соңғы үш матчта Асқар Күшікбаев шәкірттері 9 ұпай еншіледі. Алдымен, «Атырау»-U18-ді Нұрдәулет Орынбасардың қос голы, Бехруз Садыков пен Санжар Кемелбектің голдарынан кейін 4:1 есебімен ұтса, дәл осы есеппен Павлодарда жергілікті «Ақсу» тізе бүкті. Гол соққандар дәл сол – Н.Орынбасар(дубль), Б.Садыков және С.Кемелбек. «Қайсар»-U18 командасын қабылдаған біздің жігіттер кеңінен көсілді. Нұрдәулет Орынбасар мен Ерсұлтан Байтен қос голдан соғып, Санжар Кемелбек, Нұрайдар Әскербек пен Темірлан Төребек қарсылас қақпасын бір мәртеден дәл көздеп, 7:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
![]()