U-16 командамыз Freedom QJ League 19-туры аясында сырт алаңда «Қайсармен» кездесті.
Турнирлік кестеде қос команда да төменгі орындарда келе жатқан еді. Ойын алдында «Тараз»-U16 7 ұпаймен 11-орында болса, «Қайсар»-U16 6 ұпаймен 12-сатыда тұрған. Сондықтан бұл кездесу екі ұжым үшін де маңызды болды.
Матч есебі 50-минутта ашылды. Алаң иелерінің ойыншысы Ілияс Жолдастың айып соққысынан бағыттаған добы біздің қорғаушымыз Абай Тоқтасынға тиіп, қақпаған еніп кетті. Тараздықтар 74-минутта таразы басын теңестірді. Әлішер Бауыржанұлының керемет пасынан кейін Ермұхамед Еркінұлы қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді. Ал негізгі уақытқа қосылған алғашқы минутта командамыз жеңісті жұлып алды. Мағмуран Ілиястың айып добынан кейін допқа бірінші болып жеткен алаң иелерінің қақпашысы Аймұрат Хамза өрескел қателік жіберіп, допты өз қақпасына бағыттап қойды.
Қорытынды есеп – 1:2. Осылайша, «Тараз»-U16 командасы маусымдағы сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ұлттық құрамалар мен жасөспірімдер құрамаларының матчтарына байланысты Freedom QJ League-де үзіліс орнады. «Тараз»-U16 келесі кездесуін 14 қазанда өз алаңымызда «Ордабасы»-U16 командасына қарсы өткізеді