QJ League – Жасөспірімдер лигасының 7-турында «Тараз»-U16 командасы Талғар қаласындағы ҚФФ Ұлттық құрамалар базасында «Атлетико»-U16 ұжымымен кездесті.
Кездесудің алғашқы бөлігінде жерлестеріміз есеп ашуға бірнеше мүмкіндік тапты. Ермұхамед Еркінұлы мен Асылжан Сәрсенбек қарсылас қақпасына қауіп төндіргенімен, сәтті пайдалана алмады.
Екінші таймның басында алаң иелері алға шықты. 42-минутта Аслан Әбдуғани мергендігімен көзге түсіп, матчтағы жалғыз голдың авторы атанды.
54-минутта тараздық Абай Тоқтасын қарсыласын айқын гол соғу мүмкіндігінен айырғаны үшін тікелей қызыл қағаз алып, командасын ойынның қалған бөлігінде он ойыншымен қалдырды. Соған қарамастан, жерлестеріміз соңына дейін күрескенімен, есепті өзгерте алмады.
Осылайша, матч «Атлетико»-U16 командасының 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
«Тараз»-U16 келесі кездесуін 20 маусым күні өз алаңында «Қайсар»-U16 командасына қарсы өткізеді.