Freedom QJ League аясындағы 6-тур ойындарында «Тараз» жасөспірімдер командалары «Тобыл» ФК-мен кездесті. Бұл турда U-16 және U-15 санатындағы командалар өз алаңында өнер көрсетсе, жас санаты үлкен қос ұжым сырт алаңда матчтарын өткізді.
Үйдегі ойындар
Ойын күнін U-15 командаларының кездесуі ашты. Біздің жігіттер матчты сәтті бастап, Ерасыл Әбілдә мен Арнұр Батырбайдың голдарының арқасында 2:0 есебімен алға шықты. Алайда қостанайлықтар таразы басын теңестірді. Кейін Арнұр Батырбай дубль авторы атанып, «Таразды» қайта алға шығарды. Соған қарамастан, қонақтар тағы үш гол соғып, матч 3:5 есебімен аяқталды.
U-16 командамыз жанкүйерлерді қуантты. Кездесудің алғашқы минуттарында Ермұхамед Еркінұлы алаң ортасынан тамаша пас шығарып, Асылжан Сәрсенбек қақпашыны алдап өтіп, есеп ашты. Бұл гол матчтағы жалғыз гол болып, командаға 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.
Сырт алаңдағы ойындар
Қостанайда өткен матчтар тартысты өтті. U-17 командамыз тең ойынға жақын болғанымен, соңғы сәтте тең есепті қолдан шығарып алды. Ойын басында алаң иелері есеп ашты, ал екінші таймда Владимир Федотов таразы басын теңестірді. Дегенмен, қосымша уақытта қарсылас шешуші гол соғып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
U-18 командамыз сырт алаңда бір ұпай олжалады. Бірінші таймда алаң иелері алға шыққан еді. Екінші таймда тараздықтардың үздіксіз шабуылдарының нәтижесінде Ремзи Али-Оглыға қарсы ереже бұзылып, пенальти белгіленді. 11 метрлік айып добын Расул Нұрманбай сәтті орындап, есепті теңестірді — 1:1.
Келесі матч
Енді чемпионатта ұлттық құрамалардың ойындарына байланысты үзіліс жарияланады. Келесі тур матчтары 13-14 маусым күндері өтеді. Бұл кездесулерде «Тараз» командалары ҚФФ академиясы мен «Атлетико» ұжымдарына қарсы алаңға шығады.
Командаларымызға алдағы ойындарда сәттілік тілейміз!