Freedom QJ League чемпионаты үш апталық үзілістен кейін қайта жалғасады. 7-тур аясында U-18 санатында «Тараз» өз алаңында ҚФФ Академиясымен кездеседі. Турнирлік кестеде көршілес орналасқан командалар үшін бұл матчтың маңызы ерекше.
Алты тур қорытындысы бойынша «Тараз» 7 ұпаймен 6-орында келеді. Команда екі жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, үш матчта жеңіліске ұшырады. Дәл осындай ұпай қорына ие ҚФФ Академиясы 10-сатыда орналасқан.
ТУРНИРЛІК ЖАҒДАЙ
Жоғарғы орындар үшін күрес қыза түскен шақта әрбір ұпайдың маңызы артып келеді. Сондықтан 7-турдағы кездесу екі ұжым үшін де маңызды сынақ болмақ. Жеңіске жеткен команда турнирлік кестедегі жағдайын жақсартып, көшбасшыларға жақындай түседі.
«ТАРАЗДЫҢ» ҮМІТІ – РАСУЛ НҰРМАНБАЙ
Жамбылдықтардың шабуыл шебіндегі басты қаруы – Расул Нұрманбай. Ол маусымның алғашқы алты турында 6 гол соғып, команданың үздік сұрмергені атанды. Расулдың нәтижелі ойыны алдағы матчта да «Тараздың» негізгі үміттерінің бірі болмақ.
Үш апталық үзіліс барысында команда ойын байланыстарын жетілдіріп, алдағы турға тыңғылықты дайындалды.
ҚАРСЫЛАС ТУРАЛЫ
ҚФФ Академиясы – Қазақстан футбол федерациясы мен FIFA арасындағы серіктестік негізінде құрылған Ұлттық футбол академиясының командасы. Жоба еліміздегі ең талантты жас футболшыларды дамытуға бағытталған және FIFA-ның High Performance бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағытты әлемге танымал маман Арсен Венгер жетекшілік ететін департамент үйлестіреді.
Академияның үй матчтары Талғар қаласындағы Ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу базасында өтеді. Команда Freedom QJ League жарысында Алматы облысының аймақтық квотасы бойынша өнер көрсетеді.
ҚФФ Академиясының биылғы маусымдағы үздік сұрмергендері – Мансұр Болат пен Әнуар Төленді. Екі футболшының еншісінде 2 голдан бар.
Айта кету керек, аталмыш ұжым U-18 санатына 2010 жылы туған, яғни қарсыластарынан бір жасқа кісі ойыншылармен өнер көрсетуде.
ТАНЫС ҚАРСЫЛАС
Алдағы матчтың тағы бір ерекшелігі – ҚФФ Академиясы сапында «Тараз» футбол клубының түлегі Сұлтан Дәуренов өнер көрсетеді. Жамбыл футболының тәрбиеленушісі бұрынғы клубының ойыншыларына қарсы алаңға шықпақ.
МАТЧ АЛДЫНДАҒЫ ИНТРИГА
Екі команда да маусымды бірдей ұпаймен өткізіп келеді. Сондықтан 7-турдағы кездесу турнирлік кестедегі жағдайға тікелей әсер етеді. Үш апталық үзілістен кейін алаңға шығатын қос ұжым жанкүйерлерге тартысты әрі қызықты ойын сыйлауға дайын. «Тараз» өз алаңында маңызды үш ұпайды иеленуге тырысса, ҚФФ Академиясы сырт алаңнан оң нәтиже алып қайтуды көздейді.
Фото: Freedom QJ League