Алматы қаласында Freedom QJ League ұйымдастырған дәстүрлі QJL All Star жұлдыздар матчы өтті. U-18 санатындағы лиганың үздік ойыншыларынан жасақталған Қазақстан құрамасы Германияның атақты «Боруссия» (Менхенгладбах) академиясының тәрбиеленушілерімен кездесіп, негізгі уақытта 0:0 есебімен тең түсіп, матчтан кейінгі пенальти сериясында 6:5 есебімен жеңіске жетті.

Аталған кездесуге «Тараз»-U18 командасының ойыншысы Мухаммет Шукуралиев шақырту алып, QJL All Star құрамасының сапында болды. Бұл жолы жерлесіміз қосалқы құрамда қалып, алаңға шықпады.

Матчтан кейін Мухаммет мұндай шараға қатысудың өзі үлкен тәжірибе болғанын атап өтті.

«QJL All Star құрамасындағы атмосфера өте жоғары деңгейде болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік футболшылармен танысып, жаңа достар таптым. Мұндай орта әр ойыншыға үлкен мотивация береді. Қарсыласымыз да өте жоғары деңгейдегі команда екендігін көрсетті. Осындай матчтардың жас футболшылардың дамуына берері мол», – деді Мухаммет Шукуралиев.

«Тараз» футбол клубы Мухаммет Шукуралиевті QJL All Star құрамасына шақыртылуымен құттықтап, алдағы спорттық жолында жаңа жетістіктер тілейді.