QJ League біріншілігінің 7-туры аясында «Тараз»-U15 командасы Талғар қаласындағы ҚФФ Ұлттық құрамалар базасында мадридтік «Атлетико» академиясының жасөспірімдер командасымен кездесіп, 3:3 есебімен тең түсті.
Матч алдында алаң иелері 6 ойыннан кейін 2 ұпаймен турнирлік кестенің 11-орнында тұрса, жерлестеріміз 6 ұпаймен 9-сатыда орналасқан еді.
Ойынның алғашқы голын тараздықтар соқты. 34-минутта Нариман Нұртазаның тамаша пасынан кейін Ерасыл Әбілдә есеп ашып, командасын алға шығарды. Алайда бірінші таймға қосылған уақытта алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.
Екінші таймның басында «Тараз» қайтадан алға шықты. 47-минутта Ерсұлтан Арманұлы алыстан дәл соққы жасап, допты қақпашының үстінен асыра түсіріп, есепті 1:2-ге жеткізді.
Дегенмен, алаңға екінші таймда қосылған Мухаммад Муртазалиев қысқа уақыт ішінде дубль авторы атанып, «Атлетиконы» алға шығарды. Матч тағдыры тараздықтардың капитаны Бибарыс Тлеуқабылға қарсы ереже бұзылған сәттен кейін өзгерді. 77-минутта тағайындалған пенальтиді Арнұр Батырбай сәтті орындап, есепті 3:3-ке теңестірді.
Кездесудің соңғы минуттарында екі команда да жеңіс голын соғуға мүмкіндік алғанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Айта кетерлігі, бұл матчта екі тараздық маманның текетіресіне куә болдық. «Тараз»-U15 командасын Самат Орманов жаттықтырса, «Атлетико»-U15 тізгінін Ерзат Кенбаев ұстайды. Ерзат Кенбаев өткен маусымда QJ League жарысында «Тараз»-2010 командасының бас бапкері болған, сондай-ақ 2024 жылы дәл осы «Тараз»-2012 командасын жаттықтырған еді.
Енді жерлестеріміз келесі ойынын 21 маусым күні өз алаңында «Қайсар»-U15 командасына қарсы өткізеді.