U-17 командамыз Freedom QJ League 19-туры аясында өз алаңымызда «Қайсармен» кездесті. 

Екінші айналым басталғалы Асқар Кушикбаев баптайтын команданың ойыны біртіндеп реттеліп, нәтижелері де жақсара түсті. Жеңісті серияға қол жеткізген тараздықтар турнирлік кестенің жоғарғы бөлігіндегі командалармен де терезесі тең өнер көрсете бастады. Осыған байланысты «Қайсармен» өткен кездесуге «Тараз»-U17 фаворит ретінде шықты.

Матчтағы есеп 31-минутта ашылды. Бекнұр Талғатов бұрыштамадан әуелете асырған допқа Мирас Ахаев бірінші жетіп, баспен қақпаға бағыттады.

Арада үш минут өткенде жамбылдықтар есепті еселей түсті. Қақпашының қателігін ұтымды пайдаланған Мухаммадали Нуруллаев допты қорғаушының үстінен асырып, қақпа бұрышынан саңылау тапты.

Екінші таймда да шабуылын бәсеңдетпеген тараздықтар тағы екі гол соқты. 87-минутта Бекнұр Талғатовтың пасын қабылдаған Бекарыс Мүсірәлі маусымдағы алғашқы голын соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Ал 90+4-минутта Мухаммадали Нуруллаев қарсыластың айып алаңында ереже бұзуға мәжбүр етті. Пенальтиді орындауға Батырхан Серікбай келіп, 11 метрлік айып добын дәл орындады — 4:0.

Осылайша, «Тараз»-U17 өз алаңында ірі есеппен жеңіске жетіп, үш ұпайды еншіледі.

Ұлттық құрамалар мен жасөспірімдер құрамаларының матчтарына байланысты Freedom QJ League-де үзіліс орнады. «Тараз»-U17 келесі кездесуін 11 қазанда сырт алаңда «Ордабасы»-U17 командасына қарсы өткізеді

▲