QJ League чемпионатындағы үш апталық үзілістен кейін «Тараз»-U17 командасы жарысты қайта жалғастырды. 7-тур аясында жерлестеріміз өз алаңында ҚФФ академиясының жасөспірімдерін қабылдады.
Айта кетейік, ҚФФ академиясы – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Ұлттық футбол академиясы жобасы. Ол ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясының серіктестігі аясында жүзеге асырылып, елдегі жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған.
Кездесуде алаң иелерінің бастапқы құрамы бұрынғы ойындардағыдай сақталды. Тек шабуылдың оң қапталында Нұрсұлтан Құрманбай өнер көрсетті. Ол биылғы маусымда алғаш рет негізгі құрамнан орын алды.
Матчтағы жалғыз гол 28-минутта соғылды. Қонақтар сапындағы Абзал Әділхан мергендігімен көзге түсіп, өз командасына жеңіс сыйлады.
Ойын барысында тараздықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестіруге және алға шығуға мүмкіндік алды. Алайда шешуші сәттерде сәттілік жетіспеді.
Кездесудің соңғы минуттарында Бекнұр Талғатов айып соққысын орындап, есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. Дегенмен қарсылас қақпашысы допты қақпаның тоғыздығынан алып шығып, командасын голдан құтқарды.
Осылайша, «Тараз»-U17 ҚФФ академиясына 0:1 есебімен жол берді. Енді команда келесі матчын 21 маусым күні сырт алаңда «Қайсар»-U17 ұжымына қарсы өткізеді.