Үш апталық үзілістен кейін QJ League чемпионаты қайта жалғасты. 13-тур аясында «Тараз»-U18 өз алаңында «ҚФФ академиясы»-U18 командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті.
Кездесудегі есепті 8-минутта қонақтар ашты. Айып алаңындағы қарбаласты тиімді пайдаланған Әнуар Төленді мергендігімен көзге түсті.
Алаң иелері 33-минутта таразы басын теңестірді. Ғалымжан Оразалиев айып соққысын шебер орындап, допты қақпаға тікелей бағыттап, әдемі голдың авторы атанды.
Екінші таймда бас бапкер Самат Наурызбаев алаңға алты тың ойыншы шығарып, команда ойынын күшейтуге және жеңіс голын соғуға ұмтылды. Матч барысында «Тараз» басымдық танытып, шабуылда белсенді әрекет етті, алайда есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша, тараздықтар үш апталық үзілістен кейінгі алғашқы матчында бір ұпай еншіледі.
«Тараз»-U18 келесі кездесуін 21 маусым күні сырт алаңда «Қайсар»-U18 командасына қарсы өткізеді.