«Тараз»-U15 ірі жеңіске жетіп, клуб тарихындағы бірден үш рекордты жаңартты
Freedom QJ League чемпионатының кезекті турында «Тараз»-U15 өз алаңында «Қайсар»-U15 командасын қабылдап, 8:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Кездесу алдында жерлестеріміз бірқатар кадрлық қиындықтарға тап болды. Қапталдағы шабуылшы Әлжан Алмахан төрт матчтық дисквалификациясын өтеп жатса, негізгі орталық қорғаушылар Нұрайдын Асембек пен Нариман Нұртаза сары қағаздарының көптігіне байланысты ойыннан шет қалды. Соған қарамастан тараздықтар алаңда сенімді ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.
Матчтағы есеп 4-минутта ашылды. Раджаб Талипжанов орындаған бұрыштама добынан кейін Давид Лим баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.
Осыдан кейін Арнұр Батырбайдың нағыз бенефисі басталды. Шабуылшы қатарынан бес рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, матчтың басты кейіпкеріне айналды.
Бұл ойын Арнұр үшін ғана емес, клуб тарихы үшін де ерекше болды. Ол Freedom QJ League аясында «Тараз» клубының тарихындағы алғашқы хет-триктің, алғашқы покердің және алғашқы пента-триктің авторы атанып, есімін алтын әріппен жазды.
Кездесудің жетінші голын Русланбек Юнусов соқса, матчтағы соңғы нүктені Давид Лим қойып, дубль авторы атанды.
Осылайша, «Тараз»-U15 қарсылас қақпасына сегіз жауапсыз гол соғып, маусымдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.
Келесі кездесу 27 маусым күні сырт алаңда өтеді. Жерлестеріміз бұл жолы «Ордабасы»-U15 командасына қарсы алаңға шығады.