Freedom QJ League 8-туры аясында «Тараз»-U16 өз алаңымызда «Қайсар»-U16 командасын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Кездесудің алғашқы голы 20-минутта соғылып, қонақтар есеп ашты. Алайда араға жеті минут салып, қызылордалық ұжым ойыншысы соңғы үміт фолын жасап, алаңнан қуылды. Осылайша «Тараз» матчтың басым бөлігін сан басымдығымен өткізді.

35-минутта тараздықтар таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. Алайда Асылжан Сәрсенбек белгілеген пенальтиді голға айналдыра алмады. Ал екі минуттан кейін «Қайсар» қарымта шабуылдардың бірін сәтті аяқтап, есеп айырмасын екі допқа жеткізді.

Екінші таймның 58-минутында алаң иелерінің жағдайы қиындай түсті. Ермұхамед Еркінұлы қызыл қағаз алып, командалар ойыншылар саны бойынша теңесті.

Соған қарамастан «Тараз» соңына дейін күресті. 78-минутта Әлішер Бауыржанұлының әдемі нәтижелі пасынан кейін Асылжан Сәрсенбек мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда қалған уақытта есеп өзгермей, матч 1:2 нәтижесімен аяқталды.

Енді «Тараз»-U16 келесі кездесуін 27 маусым күні сырт алаңда «Ордабасы»-U16 командасына қарсы өткізеді.