Freedom QJ League U-16 чемпионатының 9-туры аясында «Тараз» командасы сырт алаңда шымкенттік «Ордабасымен» кездесті.
Кездесу барысында ойын тізгіні көбіне тараздықтардың қолында болды. Команда допты жақсы бақылап, шабуылда белсенділік танытып, бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Алайда соңғы соққыда дәлдік жетіспеді.
Бірінші тайм голсыз тең аяқталды. Үзілістен кейін де «Тараз» басымдықты өз қолында ұстап, қарсылас қақпасына қысым көрсетуді жалғастырды. Дегенмен 59-минутта алаң иелері қарымта шабуылдардың бірін сәтті аяқтап, Диербек Миржалалов есеп ашты.
Матчтың тағы бір маңызды сәті – «Ордабасы» ойыншысы Нұрсұлтан Шералының бірінші таймның соңында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылуы болды. Сан басымдығына ие болған «Тараз» соңына дейін шабуылын үдеткенімен, есепті өзгерте алмады.
Осылайша, тартысқа толы кездесуде «Тараз» ойын жағынан басым болғанымен, бір ғана жіберілген голдың салдарынан жеңіліске ұшырады.