Freedom QJ League чемпионатының 8-турында «Тараз»-U17 командасы сырт алаңда «Қайсар»-U17 ұжымымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.
Матч Қызылордадағы аптап ыстық ауа райында өтті. Кездесу кезінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, қос команда үшін де үлкен сынақ болды. Соған қарамастан, тараздықтар ойынның басынан белсенді әрекет етіп, алғашқы таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.
Есеп 16-минутта ашылды. Ибраһим Ергештің дәл пасынан кейін Владимир Федотов допты қабылдап, ортаға қарай ойысып, алыс бұрышты дәл көздеп соққы жасады. Нәтижесінде есеп ашылып, «Тараз» алға шықты.
Бірінші таймда қонақтар басымдықтарын арттыра түсуге бірнеше мүмкіндік алды. Бекнұр Талғатов, Владимир Федотов және Ерасыл Мырзахмет гол соғуға өте жақын болғанымен, өз сәттерін пайдалана алмады.
Үзілістен кейін де тараздықтар шабуылда қауіпті әрекеттерін жалғастырып, бірнеше жақсы мүмкіндікке ие болды. Алайда есепті еселеудің сәті түспеді.
Матч тағдыры соңғы минуттарға дейін шешілмей тұрды. 83-минутта алаң иелері бұрыштама добын сәтті орындап, Арнұр Смағұлдың дәл соққысының арқасында таразы басын теңестірді.
Осылайша, тартысқа толы кездесуде командалар жеңімпазды анықтай алмай, 1:1 есебімен тең тарқасты. «Тараз»-U17 сырт алаңнан маңызды бір ұпай еншіледі.