Freedom QJ League U-17 чемпионатының 9-туры аясында «Тараз» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдап, 2:1 есебімен маңызды жеңіске жетті. Кездесу «Жастар» стадионында өтті.

Матч +37°C ыстық ауа райында өткенімен, ойын тізгінін алғашқы минуттардан бастап тараздықтар өз қолына алды. Алаң иелері допқа иелік етіп, шабуылда басымдық танытты. Дегенмен, есепті 21-минутта қонақтар ашты. Бұл жағдай «Тараздың» ойын жоспарын өзгерткен жоқ. 32-минутта Арнат Ералының дәл пасынан кейін Владимир Федотов есепті теңестіріп, командаларды үзіліске 1:1 есебімен алып шықты.

Екінші таймда да ойын толықтай алаң иелерінің бақылауында болды. «Тараз» қарсылас қақпасына үздіксіз қысым жасап, жеңіс голын іздеуді жалғастырды. Кездесудің 85-минутында тағы да Арнат Ералы нәтижелі пас авторы атанып, Нұрдаулет Әлемұлы шабуылды сәтті аяқтап, командасына жеңіс сыйлады.

Осылайша, Арнат Ералы матчтың басты қаһармандарының біріне айналып, екі голдық шабуылға да тікелей қатысып, екі нәтижелі паспен ерекшеленді.

Айта кетейік, бұл кездесуде негізгі құрамда екі өзгеріс болды. Қақпаны Дінмұхамед Мейірхан қорғады, ал Мирас Ахаев биылғы маусымда алғаш рет негізгі құрамнан орын алды.

Ойынды толық бақылауда ұстаған «Тараз» мінез бен жігер танытып, жанкүйерлерін маңызды жеңіспен қуантты.