Freedom QJ League U-18 чемпионатының 9-туры аясында «Тараз» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады. Тартысқа толы кездесуде жерлестеріміз соңына дейін қайсарлық танытқанымен, матч 2:3 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
Ойынның алғашқы минуттары қонақтар үшін сәтті өрбіді. 6 және 8-минуттарда соғылған жылдам голдардан кейін, 35-минутта «Ордабасы» есеп айырмасын үш допқа жеткізді. Алайда «Тараз» бірінші тайм аяқталмай жатып бір голмен жауап қайтарды. 41-минутта Ғалымжан Оразалиев қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 1:3-ке қысқартты.
Екінші таймда алаң иелері шабуылды үдетіп, камбэк жасауға бар күшін салды. 79-минутта Мұхаммет Шукуралиев мергендік танытып, есепті 2:3-ке жеткізді. Матчтың соңғы минуттарында тараздықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, кездесудің 90+3-минутында Ғалымжан Оразалиев екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Freedom QJ League U-18, 9-тур
«Тараз» – «Ордабасы» – 2:3 (1:3)
Голдар: Ғалымжан Оразалиев, 41; Мұхаммет Шукуралиев, 79 – Эльдар Калмаханбек, 6; Дилшод Назимбеков, 8; Дияр Рахимжанов, 35.