Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 9-туры аясында «Тараз» өз алаңында елордалық «Астана-Ж» командасын қабылдады.

Қонақтар бұл кездесуге жақсы қарқынмен келді — соңғы үш ойында қатарынан жеңіске жеткен. Оның ішінде осы маусымда әлі жеңіліп көрмеген қарағандылық «Шахтерді» де тізе бүктірген болатын. Былтыр Екінші лиганың чемпионы атанған ұжым негізінен жергілікті жастардан құралған.

Кездесу басталысымен тартысты өтетіні байқалды. Матчтың 4-минутында алаң қонақтары қарымта шабуыл ұйымдастырып, Нұрәділ Серіков өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашты — 0:1.

30-минутта оң қапталдағы қорғаушы Тимур Төкенов алаң ортасынан алға ұмтылып, айып алаңы сыртынан соққы бағыттады. Доп алаңдағы ойыншылардың біріне тиіп, бағытын өзгертіп, қақпа торынан табылды — 0:2.

Ал 33-минутта кездесудің бас төрешісі Михаил Бильдинов «Тараз» қорғаушысы Нұрлан Даировқа тікелей қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Соған қарамастан, екінші таймда «Тараз» ойыншылары жігер танытып, шабуылды күшейтті. 53-минутта Жақып Қожамбердінің пасынан кейін Диас Қалыбаев екі қорғаушыны алдап өтіп, есеп айырмасын қысқартты — 1:2.

Кейінгі шабуылдардың бірінде Аманжол Мұқаметжанов бірнеше мәрте қақпаға қауіпті соққылар жасады. Алайда екі мүмкіндік те қақпа маңдайшасынан кері қайтты.

Матч соңына қарай төреші «Тараз» қақпасына 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Бірақ қақпашы Джорахан Бабаханов өз шеберлігін көрсетіп, пенальтиді қайтарды.

Соңғы минуттарда алаң иелері толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, қарсылас қорғаушылары мен қақпашы сенімді ойнап, есеп өзгеріссіз қалды.

Қорытынды есеп — 1:2.