Freedom QJ League – Жасөспірімдер лигасының 6-тур матчтарының нәтижелері:
«Тараз»-U16 – «Ордабасы»-U16 0:1
«Тараз»-U17 – «Ордабасы»-U17 0:1
«Тараз»-U18 – «Ордабасы»-U18 1:0
Гол авторы: Еркебұлан Науханбай
QJ League – Жасөспірімдер лигасында 6-тур матчтары өтті. Біздің клуб өз алаңымызда шымкенттік «Ордабасымен» кездескен. Алдымен, алаңға U-17 санатындағы командалар шыққан. Матчтың алғашқы минуттарынан бастап біздің жігіттер допқа иелік етіп, қарсыласты қысымға алып отырды. Бірінші таймда-ақ бірнеше нақты голдық мүмкіндік болғанымен, доп қақпаға дарымады. Екінші таймда да ойынның басым бөлігінде «Тараз» ойыншылары үстемдік құрды. Дегенмен, қонақтар кездесу соңына қарай, аздаған мүмкіндіктердің бірін пайдаланып, жеңісті голды соғып кетті, қорытынды есеп – 0:1.
Бұл кездесуден соң, қос клубтың U-16 санатындағы командалары алаңға шықты. Жерлестеріміз ойын барысында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, қарсыластың қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Әсіресе, екінші таймда біздің ойыншылар белсенділік танытып, допқа иелік ету жағынан басымдыққа ие болды. Алайда шабуылды голға айналдыруда сәттілік жетіспеді. Қонақтар болса, қорғаныста сауатты ойнап, ойынның соңына қарай қарымта шабуылдың бірін нәтижелі аяқтай алды. Бұл кездесуде де 0:1 есебі тіркелді.
Одан соң алаңға қос клубтың U-18 санатындағы командалары шықты. Аталмыш матчқа команда капитаны Азизжон Бердиев жарақатына байланысты қатыса алмады. Дегенмен, «Тараз» жастары бұл кездесуде ерекше ынта мен мінез көрсетті. Жамбылдықтар қарсыласқа алғашқы минуттардан-ақ қысым жасай бастады. Нәтижесінде, 17-минутта Еркебұлан Науханбай қорғаушы мен қақпашының өзара түсініспеушілігін сәтті пайдаланып, есеп ашты — 1:0. Жалпы алғанда, ойын шиеленісті өтті. «Ордабасы» ойыншылары таразы басын теңестіруге тырысты, алайда біздің қорғаушылар сенімді ойнады. Қақпашымыз – Санжар Рахматиля бірнеше қауіпті сәтте шеберлігін танытты. 88-минутта «Тараз» ойыншысы Нариман Асубек екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бірақ команда соңына дейін жеңісті есепті ұстап қалды.
Енді, QJ League бір айлық үзіліске аттанды. Біздің командалар келесі матчтарын 21-22 маусым күндері сырт алаңда алматылық «Жас Қыранға» қарсы өткізбек