“Тараз” футбол командасы Қазақстан Кубогының алдын-ала іріктеу кезеңі аясында қаратаулық "Талас" клубымен бақ сынасты.
Эльвира Нұрмұстафина қазылық еткен матчта гол болмады. “Тараз” командасы біраз шабуыл жасап қарсыласты қыспаққа алғанымен, көздеген нәтижесіне қол жеткізе алмады. Команда сапынан ойында капитан Ерасыл Кеулімжай, Темірлан Төребек және Бекмұрат Хайтмуратов қауіпті соққыларымен көзге түсті. Алайда “Талас” қақпашысы Тәуіржан Кувантқанов өз командасын голдан аман сақтап қалды. Соның арқасында қарсылас команда ойыннан кейінгі пенальтилер сериясына дейін жетті.
11-метрлік айып добын орындауда "Талас" командасының ойыншылары мергендігімен көзге түсті. Командадан тек бір ойыншы ғана Еркебұлан Рахметулладан айласын асыра алмады. Бірақ “Тараз” қақпашысының қайтарған бір соққысы жеңіс үшін жеткіліксіз еді… Себебі, матч барысында әуел-баста үздік деп танылған Тәуіржан Қувантқанов тарихы сонау 1960 жылы бастау алған команданың қос бірдей пенальтиін тойтарды. Сөйтіп, Қаратау ұжымы алдын-ала іріктеудің келесі кезеңіне өтті.