АНАТОЛИЙ БЕЛЬСКИЙ: «СДЕЛАЕМ ВЫВОДЫ»
Ассистент главного тренера нашей команды U-16 Анатолий Бельский поделился своим мнением о матче против академии «Атлетико» (0:1):
-Поздравляю команду соперника — «Атлетико» с победой. Наша команда сегодня была не в очень хорошем состоянии и заслуженно проиграла. Поэтому будем работать дальше, сделаем выводы из того, что было, и будем готовиться к следующей игре
ИСМАИЛ ҚАЛАҚҰЛ: «ЖАНКҮЙЕРЛЕРДЕН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН»
U-16 командамыздың ойыншысы Исмаил Қалақұл «Атлетико» академиясына қарсы матч(3:3) туралы өз пікірін білдірді:
-Бүгінгі ойынымыз ойдағыдай болмады, біз үш ұпай аламыз деген оймен келген едік. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын! Біз бар күшімізді салдық
«АТЛЕТИКО»-U16 – «ТАРАЗ»-U16 1:0
QJ League – Жасөспірімдер лигасының 7-турында «Тараз»-U16 командасы Талғар қаласындағы ҚФФ Ұлттық құрамалар базасында «Атлетико»-U16 ұжымымен кездесті.
Кездесудің алғашқы бөлігінде жерлестеріміз есеп ашуға бірнеше мүмкіндік тапты. Ермұхамед Еркінұлы мен Асылжан Сәрсенбек қарсылас қақпасына қауіп төндіргенімен, сәтті пайдалана алмады.
Екінші таймның басында алаң иелері алға шықты. 42-минутта Аслан Әбдуғани мергендігімен көзге түсіп, матчтағы жалғыз голдың авторы атанды.
54-минутта тараздық Абай Тоқтасын қарсыласын айқын гол соғу мүмкіндігінен айырғаны үшін тікелей қызыл қағаз алып, командасын ойынның қалған бөлігінде он ойыншымен қалдырды. Соған қарамастан, жерлестеріміз соңына дейін күрескенімен, есепті өзгерте алмады.
Осылайша, матч «Атлетико»-U16 командасының 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
«Тараз»-U16 келесі кездесуін 20 маусым күні өз алаңында «Қайсар»-U16 командасына қарсы өткізеді.
QJ LEAGUE: «ТАРАЗ»-U15 ТАЛҒАРДА ТЕҢ ТҮСТІ
QJ League біріншілігінің 7-туры аясында «Тараз»-U15 командасы Талғар қаласындағы ҚФФ Ұлттық құрамалар базасында мадридтік «Атлетико» академиясының жасөспірімдер командасымен кездесіп, 3:3 есебімен тең түсті.
Матч алдында алаң иелері 6 ойыннан кейін 2 ұпаймен турнирлік кестенің 11-орнында тұрса, жерлестеріміз 6 ұпаймен 9-сатыда орналасқан еді.
Ойынның алғашқы голын тараздықтар соқты. 34-минутта Нариман Нұртазаның тамаша пасынан кейін Ерасыл Әбілдә есеп ашып, командасын алға шығарды. Алайда бірінші таймға қосылған уақытта алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.
Екінші таймның басында «Тараз» қайтадан алға шықты. 47-минутта Ерсұлтан Арманұлы алыстан дәл соққы жасап, допты қақпашының үстінен асыра түсіріп, есепті 1:2-ге жеткізді.
Дегенмен, алаңға екінші таймда қосылған Мухаммад Муртазалиев қысқа уақыт ішінде дубль авторы атанып, «Атлетиконы» алға шығарды. Матч тағдыры тараздықтардың капитаны Бибарыс Тлеуқабылға қарсы ереже бұзылған сәттен кейін өзгерді. 77-минутта тағайындалған пенальтиді Арнұр Батырбай сәтті орындап, есепті 3:3-ке теңестірді.
Кездесудің соңғы минуттарында екі команда да жеңіс голын соғуға мүмкіндік алғанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Айта кетерлігі, бұл матчта екі тараздық маманның текетіресіне куә болдық. «Тараз»-U15 командасын Самат Орманов жаттықтырса, «Атлетико»-U15 тізгінін Ерзат Кенбаев ұстайды. Ерзат Кенбаев өткен маусымда QJ League жарысында «Тараз»-2010 командасының бас бапкері болған, сондай-ақ 2024 жылы дәл осы «Тараз»-2012 командасын жаттықтырған еді.
Енді жерлестеріміз келесі ойынын 21 маусым күні өз алаңында «Қайсар»-U15 командасына қарсы өткізеді.
Ғ.ОРАЗАЛИЕВ: «ҚАРСЫЛАС – ӨТЕ ЖАҚСЫ КОМАНДА
U-18 командамыздың ойыншысы Ғалымжан Оразалиев «ҚФФ академиясына қарсы матч(1:1) туралы өз пікірін білдірді:
-Бізге алғашқы 5-10 минутта концентрация жетіспеді, матч соңында сәттілік серік болмады. Қарсылас өте жақсы команда екенін көрсете білді.
С.НАУРЫЗБАЕВ: «ТЕҢ НӘТИЖЕГЕ ЛАЙЫҚТЫ МАТЧ БОЛДЫ»
U-18 командамыздың бас бапкері Самат Наурызбаев «ҚФФ академиясына қарсы матч(1:1) туралы өз пікірін білдірді:
-Өте тартысты ойын болды. ҚФФ академиясы – жақсы команда. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген, ірі денелі ойыншылар доппен де жақсы жұмыс жасайды.
Тең нәтижеге лайықты ойын болды деп есептеймін. Қарсылас та, біз де жеңісті жұлып алып кетуіміз мүмкін еді.
Д.МЕЙІРХАН: «БАР КҮШІМІЗДІ САЛДЫҚ»
U-17 командамыздың ойыншысы Дінмұхамед Мейірхан «ҚФФ академиясына қарсы матч(0:1) туралы өз пікірін білдірді:
-Бүгінгі матч толықтай біздің бақылауымызда болған еді. Жігіттер барлық күшін салды, гол соғатын мүмкіндіктер өте көп болды, тек сәттілік серік болмады. Қарсылас бір мүмкіндікті пайдаланып, жеңіске жетті
И.ХОДЖАЕВ: «СӘТТІЛІК СЕРІК БОЛМАДЫ»
U-17 командамыздың бас бапкерінің көмекшісі Исмаил Ходжаев «ҚФФ академиясына қарсы матч(0:1) туралы өз пікірін білдірді:
-Қарсыласты жеңісімен құттықтаймын. Апталық микроциклде тыңғылықты дайындалдық, қандай қиындықтарға тап болатынымызды білдік. Ойыншылар барлық күшін салды, гол соғатын мүмкіндіктер өте көп болды, тек сәттілік серік болмады.
«ТАРАЗ»-U18 ҚОНАҚТАРМЕН ҰПАЙ БӨЛІСТІ
Үш апталық үзілістен кейін QJ League чемпионаты қайта жалғасты. 13-тур аясында «Тараз»-U18 өз алаңында «ҚФФ академиясы»-U18 командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті.
Кездесудегі есепті 8-минутта қонақтар ашты. Айып алаңындағы қарбаласты тиімді пайдаланған Әнуар Төленді мергендігімен көзге түсті.
Алаң иелері 33-минутта таразы басын теңестірді. Ғалымжан Оразалиев айып соққысын шебер орындап, допты қақпаға тікелей бағыттап, әдемі голдың авторы атанды.
Екінші таймда бас бапкер Самат Наурызбаев алаңға алты тың ойыншы шығарып, команда ойынын күшейтуге және жеңіс голын соғуға ұмтылды. Матч барысында «Тараз» басымдық танытып, шабуылда белсенді әрекет етті, алайда есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша, тараздықтар үш апталық үзілістен кейінгі алғашқы матчында бір ұпай еншіледі.
«Тараз»-U18 келесі кездесуін 21 маусым күні сырт алаңда «Қайсар»-U18 командасына қарсы өткізеді.
«ТАРАЗ»-U17 ҚФФ АКАДЕМИЯСЫНА ЕСЕ ЖІБЕРДІ
QJ League чемпионатындағы үш апталық үзілістен кейін «Тараз»-U17 командасы жарысты қайта жалғастырды. 7-тур аясында жерлестеріміз өз алаңында ҚФФ академиясының жасөспірімдерін қабылдады.
Айта кетейік, ҚФФ академиясы – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Ұлттық футбол академиясы жобасы. Ол ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясының серіктестігі аясында жүзеге асырылып, елдегі жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған.
Кездесуде алаң иелерінің бастапқы құрамы бұрынғы ойындардағыдай сақталды. Тек шабуылдың оң қапталында Нұрсұлтан Құрманбай өнер көрсетті. Ол биылғы маусымда алғаш рет негізгі құрамнан орын алды.
Матчтағы жалғыз гол 28-минутта соғылды. Қонақтар сапындағы Абзал Әділхан мергендігімен көзге түсіп, өз командасына жеңіс сыйлады.
Ойын барысында тараздықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестіруге және алға шығуға мүмкіндік алды. Алайда шешуші сәттерде сәттілік жетіспеді.
Кездесудің соңғы минуттарында Бекнұр Талғатов айып соққысын орындап, есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. Дегенмен қарсылас қақпашысы допты қақпаның тоғыздығынан алып шығып, командасын голдан құтқарды.
Осылайша, «Тараз»-U17 ҚФФ академиясына 0:1 есебімен жол берді. Енді команда келесі матчын 21 маусым күні сырт алаңда «Қайсар»-U17 ұжымына қарсы өткізеді.